19 Тамыз 2021
78

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ ПЛЕНАРЛЫҚ СЕССИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ ПЛЕНАРЛЫҚ СЕССИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ Қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заң жүзеге асырылып келеді, педагогтердің еңбек жағдайлары жақсартылып, еңбекақысы артты. Мұғалімдерді өзіне тән емес функциялардан және тексерулерден босату бойынша шаралар қабылданып жатыр. Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтердің Республикалық тамыз конференциясының пленарлық сессиясында мәлімдеді. 2022 жылғы қаңтарда балабақша, мектеп және колледж педагогтерінің еңбекақысы тағы 25 пайызға артады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төрт жылда педагогтердің еңбекақысы 2 есе өседі. Бұл ретте білім беру саласын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Жаңа оқу жылынан бастап педагогтер жұмысқа конкурстық негізде қабылданатын болады. «Егер бұрын-соңды педагогтерді жұмысқа директор қабылдаса, ендігі кезекте қабылдау нақты және біліктілік талаптары бойынша конкурс арқылы электрондық форматта өткізілетін болады», – деді министр Асхат Аймағамбетов. Ведомство басшысы биылғы қыркүйектен бастап білім беру ұйымдары директорларын тағайындаудың жаңа жүйесі енгізілетінін атап өтті. «Бұл мәселе бойынша көп сұрақ болған еді. Бірқатар ұйым басшылары бір жерде 25 және 30 жыл жұмыс істейтін жағдайлар бар, дегенмен оның тиімділігі әрдайым жоғары бола бермейді. Жаңа жүйе басшылардың жұмыс сапасын арттырады деп ойлаймын», – деді Асхат Аймағамбетов. Бұдан басқа, жаңа оқу жылынан бастап алғаш рет бір әкімшілік- аумақтық бірлік шегінде директорларды ротациялау жүргізілетін болады. Білім беру ұйымдары басшыларын өңірлердегі білім басқармалары біліктілік талаптарына сәйкес ауыстыратын болады. Ведомство директорлардың еңбекақысын көтеру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Карантин кезеңінде мұғалімдердің біліктілігін арттырудың рөлі, атап айтқанда IT-дағдыларды игерудің маңыздылығы едәуір арта түсті. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы педагогикалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан педагогтер мен студенттерге тегін курстар ұйымдастырады. 2021 жылдың қыркүйегінен бастап жұмысқа алғаш рет педагог болып орналасып жатқан үміткерлер сертификаттаудан өтеді. Яғни, дипломнан басқа, мұғалім болып жұмыс істеу үшін «педагог» біліктілігін алу керек. Ол үшін Ұлттық біліктілік тестілеуінен өтіп, өзінің кәсіби дағдыларын көрсету қажет. Министр сондай-ақ соңғы жылдары талантты жастар арасынан педагогикалық бағыттар бойынша оқуға түсушілердің саны арта түскенін ерекше атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, педагогтердің тамыз конференциясының мақсаты – өткен оқу жылының қорытындысын шығару және жаңа оқу жылындағы білім мен ғылымның негізгі басымдықтарын анықтау.