06 Желтоксан 2018
469

Колледж басшылары

 

Әр жылдардағы колледж басшылары

  1. Маханов Қалдыбай (1954-1964 ж.ж.)
  2. Есмағамбетов Танабай (1964-1966 ж.ж.)
  3. Маханов Қалдыбай (екінші рет 1966-1971 ж.ж.)
  4. Шаданов Байқазақ (1971-1978 ж.ж.)
  5. Әбілханов Аманқос (1978-1983 ж.ж.)
  6. Ахметов Жақып (1983-1985 ж.ж.)
  7. Сәлімов Мұратбай (1985-1990 ж.ж.)
  8. Әбілханов Аманқос (екінші рет 1990-1994 ж.ж.)
  9. Жанаев Рүстем (1994-2004 ж.ж.)
  10.  Құрмарзаев Елеусіз (2004-2007 ж.ж.)
  11.  Исмайлов Темірбек (2007 жылдан бері)

Әр кезеңдегі басшылар өз ісінің шебері, жан-жақты ұйымдастырушы, талапшыл басшы, білімді ұстаз бола білді. Кәсіптік мектепті талай қиыншылықтардан алып шығып, оқу орнын облыс, республика көлеміне танымал оқу орнына айналдырды. Қандай мекеме болмасын білікті басшысы болса, ісі алға басады.


Маханов Қалдыбай - 1922 жылы дүниеге келген. 1954-1964 ж.ж. Қазалыдағы ауыл шаруашылығын механизацияландыру училищесінің (УМСХ) тұңғыш  директоры  және осы училищеге Ресей, Молдова, Украина жастарының да келіп оқуына жағдай жасап, бүкіл СССР-ге танымал еткен. 1964-1966 ж.ж. Қазалы аудандық партия комитетінің ұсынуымен “Қазақстанның 40 жылдығы” атындағы совхоздың директоры болып қызмет атқарды. 1966-1971 ж.ж. екінші рет №34 кәсіптік-техникалық училище директоры болған. “СССР кәсіптік білім беру ісінің үздігі” белгісімен марапатталған. 1971 жылы қызмет бабымен Қызылордаға ауысқан. 1985 жылы қайтыс болған.


Маханов Қалдыбай осы оқу орнының негізін қалаған білікті басшы, әрі ұйымдастырушы. Оқу орнының шаңырағын көтеріп, іргелі оқу орнына айналдыруға зор еңбек атқарған. Оқу орнына білімді де, ізденімпаз оқытушыларды тартып, ұжымды қалыптастырған.

Есмағамбетов Танабай - 1925 жылы туған. 1954 жылы Қазалыдағы ауыл шаруашылығын механизацияландыру училищесі (УМСХ) ашылғанда Қызылордадан директордың оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметіне жолдамамен келді. Училищенің оқу базасының нығаюына, оқу-әдістемелік жұмыстарының жүйелі жүруіне ықпал етті. 1964-1966 ж.ж. училище директоры болған. Осы кезеңде училищені үздік бітірген түлектер халық шаруашылығында жоғары көрсеткіштерге жетті. Училище түлектері К. Әлимаев Социалистік Еңбек Ері атағын алса, Қ. Орынбасаров, Қ. Қалиев, А. Оңғаров “Еңбек Қызыл Ту” орденімен марапатталған. 1970 жылы Қызылордаға қызмет бабымен ауысқан.


Есмағамбетов Танабай алғаш директордың орынбасары болса, кейін училище директоры болып, училищедегі мамандардың сапалы білім алып шығуына зор үлесін қосып, ұжымда сыйлы болды.

Шаданов Байқазақ - 1936 жылы “Ақөзек” колхозында туған. 1955 жылы №17 теміржол қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін Қазалыдағы УМСХ - да оқыған. 1956 жылы Ташкенттегі ауылшаруашылығын механикаландыру және ирригациялау институтының механика факультетіне түскен. 1961 жылы оны бітіргеннен кейін Қазалыдағы ауылшаруашылық техникумында оқытушы, кейін бөлім меңгерушісі қызметтерінде болған. 1971-1977 жж Қазалы қаласындағы №34 кәсіптік -техникалық училищенің директоры болды. 1977-1978 жж Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанас селосындағы №147 СПТУ-дың директоры болды. Бірнеше рет қалалық Кеңестің депутаттығына сайланған. 1978 жылдың 5 қарашасында 42 жасында қайтыс болған. Шаданов Байқазақ шебер ұйымдастырушылығымен кәсіби педагог, оқу үрдісін жаңаша басқарған басшылардың бірі. Кейін ауылшаруашылығы техникумында оқытушы, кафедра меңгеруші болды. Училищені облыстағы алдыңғы қатарлы оқу орны қатарына қосты.

Әбілханов Аманқос - 1941 жылы Арал ауданында туған. Алматы ауылшаруашылық институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. 1962-1972 жылдары өндірістік оқу шебері, оқытушы, 1972-1977 ж.ж. №34 СПТУ-да  директордың оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары. 1978-1983 ж.ж. №34 кәсіптік-техникалық училищенің директоры. 1983-1989 ж.ж. оқу-өндірістік комбинатының директоры болған. 1990-1994 жж №8 орта кәсіптік-техникалық училище директоры қызметін атқарған. 1994 жылы аудандық топырақ құнарлылығын арттыру өндірістік бірлестігінің төрағасы, 1995-1997 жж №95 мектепте директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары қызметінде болған. Қазақстанның кәсіптік білім беру саласының озық қызметкері, төрт рет қалалық депутаттыққа сайланған.
Осы оқу орнында оқытушы, директордың орынбасары қызметтерін атқарған кәсіптік сала маманы. Оқу-өндірістік жұмыстардың қыр-сырын меңгерген білікті басшы. Оқу орнының жаңа оқу комплексін салуды бастаған іскер азамат.

Ахметов Жақып - 1930 жылы 9 мамырда Қазалы ауданында туған. 1954 жылы Қызылордадағы пединститутты бітіргеннен кейін 1963 жылға дейін оқу-ағарту саласында еңбек еткен. 1963-1975 жылдары аудан әкімшілігінің ұйымдастыру бөлімін басқарған. 1975-1979 жж Абай атындағы колхоздың басқармасы болған. 1979-1982 жж аудандық әкімшілікте қызметте болған. 1983-1985 ж.ж. №8 кәсіптік-техникалық училищеде директор, 1991 жылға дейін оқытушы қызметін атқарған. 1991 жылы қайтыс болған. Ахметов Жақып шебер ұйымдастырушылығымен, жаңа оқу комплексін аяқтауға зор үлесін қосты.

Сәлімов Мұратбай - 1949 жылы Қазалы ауданы Бозкөл ауылында туған. 1975 жылы Алматыдағы ауылшаруашылық институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп шыққаннан кейін Қазалыдағы №34 кәсіптік-техникалық училищеде оқытушы болып жұмыс істеді. 1981 жылы аудандық жабдықтау мекемесінің бастығы болды. 1985-1990 ж.ж. №8 кәсіптік-техникалық мектептің директоры қызметінде болды. 1990-1995 ж.ж. РТС мекемесінің директоры болған. Қазір  “Петро-Қазақстан”  компаниясының “Мұнай-Терминал” мекемесінде бөлім бастығы болып қызмет істейді. Сәлімов Мұратбай училищенің материалдық – техникалық базасын нығайтуға зор үлесін қосты. Училищені жаңа техникалармен толықтыруға мол мүмкіндік жасады.

Рүстем Ідірұлы - 1944 жылы 2 мамырда Ғ. Мұратбаев ауылында дүниеге келген. 1963 жылы Алматының Абай атындағы мемлекеттiк университетiнің филология факультетіне түсiп, 1967 жылы аталған оқу орнын қызыл дипломмен бітірген. Сырттай сол университеттiң аспирантурасында оқыған. 1970-1994 жылдарда ауданымызда комсомол, кәсiподақ, кеңес органдарында басшылықта және және аудан әкiмiнiң орынбасары қызметтерiн атқарған. 1994-2004 ж.ж.  №8 кәсiптiк мектеп директоры.  «Қазақстан Республикасы оқу iсiнiң озаты», бірнеше рет аудандық, облыстық мәслихаттың депутаты болған. “Астана”, “Шапағат” медальдарының иегерi. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесi. 2005 жылдан аудандық Оқушылар үйінің директоры. Жанай Рүстем Ідірұлы мектептің оқу-тәрбие жұмыстарын халықтық педагогика, ұлттық дәстүр мен ұлттық тәрбиенің негізінде басқарушы, ұлтжанды азамат. Республикаға танымал ақын, әрі жазушы.  Шығармалары оқырман жүрегінен жол тапқан.

Құрмарзаев Елеусіз Биманұлы - 1958 жылы Әйтеке би кентінде туған. 1982 жылы Алматы теміржол инженерлері институтының механикалық факультетін бітірген. 1982-1997 жылдары  – №5 кәсіптік мектепте оқытушы, директордың орынбасары. 1997-1999 жылдары – «Қазалы астық» мекемесінде директордың орынбасары.
2000-2003 жылдары – Алматы облысындағы Қазақтың егіншілік ғылыми зерттеу институтында ғылыми қызметкер. 2003-2004 жылдары – №5 кәсіптік мектепте директордың орынбасары. 2004 – 2007 ж.ж. №8 кәсіптік мектептің директоры. 2007 жылдан №5 кәсіптік мектеп директоры. «Қазақстан Республикасы кәсіптік білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. Аудандық мәслихат депутаты. Құрмарзаев Елеусіз Биманұлы оқу орнында оқытудың жаңа технологияларымен, инновациялық үрдісті енгізуде елеулі еңбек етті. Оқу орнында жаңа заманға сай жаңа мамандықтар ашуға үлесін қосқан халық қалаулысы, бірнеше дүркін аудандық мәслихат депутаты.

Темірбек Кәнішұлы Исмайлов - 1956 жылы Қазалы ауданы, Арықбалық ауылсоветінде дүниеге келген.  1973 жылы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 қазақ орта мектебін бітірген. 1976 жылы Қызылорда ауылшаруашылық техникумының, 1986 жылы Жамбыл гидромелиоративтік  - құрылыс институтының механизация факультетін бітірген. 1976-1984 жылдары №34 Қазалы орта кәсіптік  техникалық  училищесінде өндірістік оқу шебері, оқытушы, 1984 - 1994 жылдары аға шебер, 1994-1997 жылдары Қызылорда облыстық мемлекеттік жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарған. 1997-2004 жылдары  “Жайлау” ШҚ басқарған. 2004-2007 жылдары  №8 кәсіптік мектепте аға шебер, директордың оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары болды. 2007 жылдың қараша айынан бастап  №8 кәсіптік мектеп, 2008 жылдың 25 желтоқсанынан кәсіптік лицей, 2013 жылдан Қазалы аграрлы – техникалық колледжінің директоры.  Саналы ғұмырын кәсіптік білім саласына арнаған білікті басшы “Кәсіптік білім беру ісінің үздігі” белгісімен, Қызылорда облыстық білім беру басқармасының грамоталарымен марапатталған. Отбасында жолдасы Зульфия екеуі 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіруде. Исмайлов Темірбек Кәнішұлы саналы ғұмырын кәсіптік салаға арнаған, осы саланың қыр-сырын меңгерген білікті басшы. Жаңа білім реформасына сай өзгерістер енгізуге күш салады. Мектептің материалдық- техникалық базасын нығайтуда ерекше еңбек сіңірді. 1986 жылы халық шаруашылығына білікті кадрлар дайындап, оқу-тәрбие үрдісіне зор үлес қосқаны үшін халық депутаттары Қызылорда облыстық Советі атқару комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 1979-1982 жылдары қалалық халық депутаттары Кеңесінің депутаты. 2014 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін иеленген.

Мемлекеттік бағдарламалар