06 Желтоксан 2018
115

Колледж ардагерлері

 

Колледжде еңбек еткен Ұлы Отан соғысының ардагерлері


Абдуллин Шариф


Шариф Абдуллин 1920 жылы 2 маусымда Әзірбайжан Республикасының Қазақ ауданы, Фрахман ауылында дүниеге келген. 1929 жылы ата-анасы репрессияға ұшырап, Арал ауданындағы Көкарал аралына жер аударылады. Осы жерде 3-4 айдан кейін ата – анасы аштықтан қайтыс болып, 8 жасар бала Шариф Қазалы қаласындағы балалар үйіне әкелінеді. 1936 жылы Қазалы зооветеринарлық техникумына  оқуға қабылданып, 1940 жылы аталған оқу орнын үздікке тамамдайды. Сол жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылады. Әскерді Литва жерінде 16-атқыштар дивизиясының 68-полкында бастайды. Соғыста жүріп 1941 жылдың күзінде Ленинградтағы 10-атқыштар дивизиясына, одан 24-арнайы барлау ротасына жіберіледі. 1941 жылдың қарашасында Волховте болып,  осы жерде бір рет жеңіл, бір рет ауыр жараланады. 1941 жылдың наурызынан – 1942 жылдың мамырына дейін емделіп, әскери қызметке жарамсыз болып елге қайтады. Бірақ 1943 жылы Ортаазиялық әскери округінен тылға қайта шақырту алады. Сөйтіп Будапешт қаласында Балатан өзені жағасында фронтқа қатысады. Соғысты 1945 жылы Австрия территориясында аяқтайды. 1945 жылы соғыстан босап, Қазалыға келеді. Соғыстағы ерліктері үшін 20 ордень-медальдармен марапатталды. Соның ішінде «Ерлігі үшін» және «Будапештті қорғағаны үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдарымен және «ІІІ дәрежелі Даңқ», 1985 жылы «І дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен марапатталады. Будапешттегі ерліктері үшін маршал И.В. Сталиннің алғыс хатына ие болады. Елге оралған солдат еңбекке ерте араласты. Алғаш аудандық әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінің меңгерушісі болып бастап, 1951 жылдан-1969 жылға дейін бір жерде 18 жыл Қазалы ауылшаруашылық мектебінің директоры болып қызмет атқарады. Осы жылдарда бұл оқу орнынан 1500-нан астам ауылшаруашылық мамандары түлеп ұшты. 1969 жылы ауылшаруашылық мектебі жабылып, осы жылдың күзінде Қазалы қаласындағы №34 орта кәсіптік – техникалық училищесіне директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Бұл жылдар кәсіптік – техникалық училищесінің өрлеу кезеңі болды. 1975 жылы Шариф Абдуллиннің еңбегінің нәтижесінде №34 орта кәсіптік-техникалық училищесі республикада ІІ орын, Одақта ХХІ орынды иеленіп, ақшалай сыйлық алды. Алматыда өткен республикалық көркемсурет байқауында І орынды жеңіп алып, кәсіптік білім министрлігінің Құрмет грамотасын иеленді. Бұл күнде сыйлықтар облыстық кәсіптік білім басқармасында сақтаулы. 1980 жылы зейнетке шықса да, 10 жыл оқытушылық қызмет атқарды.  Еңбекте жүріп 1961 жылы Алматы дәрігерлік-зоотехникалық институтын тамамдайды. Жолдасы Зура  әжемен бірге 5 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Зура әже 1980 жылы дүниеден өтті. Бейбіт өмірде өмір сүріп отырған, өмірінің тоқсан жылға жуығы Қазалыда өткен Шариф ата 2016 жылдың 24 мамырында дүниеден өтті.

Арыстанов Әбдуәли


1919 жылы Арал ауданы Қамбаш ауылында туған. Жеті жылдық мектептен кейін әскери училище бітірген. 1939 жылы Фин соғысына қатысқан. Ұлы Отан соғысына атқыштар ротасы командирі гвардия аға лейтенанты шенінде қатысып, 1945 жылы мамырда Магденбургта соғысты аяқтаған. Бірнеше рет жараланған. І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Даңқ» орденімен және «Ерлігі үшін», т.б. медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін Қамбашта мектеп директоры, Қазалыда балық қорғау инспекторы қызметтрінде болған. Зейнеткерлікке №8 кәсіптік-техникалық училищеден шықты. 1997 жылы наурыз айында дүниеден өтті.

Семенеев Назир


1925 жылы 9 қаңтарда
 Қазалыда туған. 1942 жылы жасы толмаса да әскер қатарына алынып, әскери училищеден кейін лейтенант шенінде 1943 жылы Ұлы Отан соғысына қатысқан. Гвардия аға лейтенанты, взвод командирі. «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.  Соғыстан оралғаннан кейін аудандық қаржы бөлімінде инспекторлықтан бастап бөлім бастығына дейін қызмет жолын өткен.  1969 жылы Алматы халық шаруашылығы институтының қаржы және кредит факультетін экономист мамандығы бойынша бітірген. 1972 жылдан зейнеткерлікке шыққанша №8 кәсіптік-техникалық мектепте алғашқы әскери дайындық пәні бойынша оқытушы болып қызмет істеді. 1999 жылы дүниеден өтті.

 

 

Әлімбетов Қалдан

1917 жылы Қазалы ауданы Сарыкөл ауылында туған. Термез қаласында әскери дайындықтан өткеннен кейін 1941 жылдың қараша айынан бастап Сталинград майданындағы ұрыстарға қатысып, бірнеше рет жарақаттанған. «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» т.б. көптеген медальдармен марапатталған. И. В. Сталиннен Алғыс хат алған. Соғысты 1945 жылы Чехословакияда аяқтаған. 1954 жылдан Қазалыдағы кәсіптік училищеде шаруашылық ісінің меңгерушісі болып  25 жыл қызмет істеп, 1979 жылы зейнеткерлікке шықты. 1983 жылы дүниеден өтті.

 

 

Колледж ардагерлері

Әлімбетов Аман -1933 жылы Қазалы ауданы «Октябрь» ауылында туған. Мектептен кейін 1950 жылы Қарағандыдағы ФЗО-да оқып, 1952 жылы №38 шахтада жұмыс істеген. 1953 - 1957 жылдары Қызылордадағы пединституттың жаратылыстану факультетінде оқып, бітіргеннен кейін №88 мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директор болып қызмет атқарған. 1974 жылдан Қазалыдағы СПТУ-34-те оқытушы, оқу ісінің меңгерушісі, училище оқушылары кәсіподағының төрағасы болып жұмыс істеген. 1995 жылы осы училищеден зейнеткерлікке шықты. Жұбайы Өмірбике екеуі он бала тәрбиелеп өсірген, олардың бәрі де осы КТМ-8-дің түлектері. 2008 жылы сәуірде дүниеден өтті.

 

 

Орынбасаров Жақсылық -1935 жылы туған. 1972 жылы Алматыдағы ауылшаруашылық институтын инженер – механик мамандығы бойынша бітірген. 1954 жылдан 1997 жылға дейін училищеде (КТМ-8)  трактор-автомобиль пәнінің жоғары санатты мұғалімі, көп жылдар директордың өндірістік оқу жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Зейнеткерлікке шығып та бірнеше жыл методикалық кеңестің төрағасы боп ұстаздық қызметін жалғастырды. Педагогикалық стажы – 36 жыл. Училищеде істеген ұзақ жылдар ішінде «Қазақстан кәсіптік білім беру ісінің үздігі» белгісімен, республикалық, облыстық грамоталармен мадақталған. 2012 жылы өмірден өтті.

 

 

Алмаев Жоламан Иманғалиұлы 1942 жылы Қазалыда дүниеге келген. 1959 жылы №100 «Кеңтүп» орта мектебін бітіргеннен кейін, №34 ауылшаруашылығын механизацияландыру училищесінде жұмыс істеп, осы мкеменің жолдамасымен Қазалы ауылшаруашылық техникумының механика бөлімін бітірген. 1972 жылы Қызылорда пединститутының физика – математика факультетін бітірген. Осы мектепте үздіксіз қырық екі жыл жұмыс істегенде математика пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарып келді. 1988 жылы «еңбек ардагері» медалімен наградталды. Жанұясында Балзия екеуі төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі жандар.

 

 

Бишеков Нағашыбай - 1936 жылы туған. Қазалыдағы ауылшаруашылық техникумын бітіргеннен кейін техникумда оқу шебері, одан соң 1967 жылға дейін ауылшаруашылық басқармасында техникалық басқарушы қызметтерін атқарған. 1967 жылы осы училищеге ауылшаруашылық машиналары пәнінің оқытушысы болып қабылданып, 1994 жылы зейнеткерлікке шықты. Ауылшаруашылығы саласында жүздеген мамандар даярлауға зор үлесін қосқан, көптеген мақтау қағаздарымен мадақталған. Нағашыбай Бишеков жұбайы Айша екеуі үш бала тәрбиелеп өсірген, олардың бәрі де жоғару білімді, беделді қызметтегі азаматтар.

 

 

Мәмбетов Сәрсен - 1940 жылы Арал ауданы Қаратерең ауылында дүниеге келген. 1964 жылы СПТУ – 169-ды, 1970 жылы Түркістандағы педтехникумды бітірген. №8 кәсіптік техникалық училищеде1970 жылдан 1998 жылға дейін оқу шебері, оқытушы қызметтерінде болып, осы мекемеден 28 жыл бір жерде жұмыс жасап, зейнеткерлікке шықты. Аудандық, облыстық мақтау грамоталарымен мадақталған. Қазақ ССР-інің Құрмет грамотасымен және «Кәсіптік білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталған.Үлгілі жанұя басшысы, әйелі екеуі бес бала тәрбиелеп өсірген. 2008 жылы дүниеден өткен.

 

 

 

Қабыл Арғын Әбдікәрімұлы - 1947 жылы 16 желтоқсанда Жаңақазалы поселкесінде  дүниеге келген. 1966 жылы  №420 орта мектепті бітірген. 1966-1968 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде киномеханик, клуб меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1972 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп, 1972 ж «Қызылқұм» совхозындағы №189 орта мектепте алғаш еңбек жолын бастады. 1974 жылы аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен №8 кәсіптік мектепте комсомол комитетінің секретары болып, кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, мектеп әдіскері қызметтерін атқарған. 1989 жылы «Аға оқытушы» атағын алды. 1990 жылы «Қазақ ССР Кәсіптік білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. 6 рет облыстық кәсіптік білім беру басқармасының мақтау қағазына ие болды. 1989-1994 жылдары қалалық Кеңес депутаты. 1994-1999, 1999-2003 жылдары аудандық  Мәслихаттың депутаты 2003 жылы аудан әкімінің Алғыс хатын алған. 1999 жылы Қазалы аудандық Мәслихатының депутаты Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хаты мен төсбелгісін және 2006 жылы кәсіптік мектептің  65 жылдық мерейтойы қарсаңында облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. №8 кәсіптік мектептің ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Отбасында жолдасы Сәуле екеуі 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отыр.

 

 

Өтеулі Өтеубай - Өтеулі Өтеубай 1950 жылы 6 қаңтарда Арал ауданында дүниеге келген. 1966 жылы Қожабақы ауылындағы№25 Жданов атындағы орта мектепті, 1967 жылы Қазалы қаласындағы №34 УМСХ бітіріп, 1967-1970 жылдары Энгельс совхозында механизатор болып алғаш еңбек жолын бастаған. 1970-1975 жылдары Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылық институтының «Ауылшаруашылық жұмыстарын механикаландыру» бөлімінде жоғары білім алған. 1979-1982 жылдары Қазалы ауданындағы сельхозтехника бірлестігінде инженер қызметін атқарған. 1982-1987 жылдары Қазалы қаласындағы №8 кәсіптік-техникалық училищесінде арнаулы пән оқытушысы, 1987 жылдан директордың оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары. 2001 жылы Ө.Өтеулінің басшылығымен 0709001 «Шағын бизнес кәсіпкері» мамандығы бойынша жалпыға міндетті білім стандарты  жасалынды. Қажырлы еңбегінің нәтижесінде 1970 жылы «За довлестный труд в однаменование 100- летия со дня рождения В.И.Ленина» медальімен марапатталған. Отбасында 1 ұл, 2 қыз, немерелер тәрбиелеп отыр. 

 

 

Дүзбай Сәлия Шарападинқызы 1957 жылы 4 сәуірде Қазалы ауданы Абай ауылында дүниеге келген. 1974 жылы Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 қазақ орта мектебін бітіріп, 1975 жылы Ақтөбе педагогикалық институтының “Физика-математика” факультетін “Математика пәнінің мұғалімі” мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Бала кезден серігі - өлең жазу.  1975 жылдың желтоқсан айында Алматыда өткен  жас-ақын жазушылардың республикалық кеңесіне қатысып, ақын М.Мақатаевпен кездесіп, 1978 жылы “Балауса” жыр жинағына бір топ өлеңдері енді. Ұстаздық жолын 1979-1980 оқу жылында  Қазалы ауданындағы “Өркендеу” совхозындағы №104 орта мектепте физика және математика пәндерінің мұғалімі болып бастаған. 1980 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазалы қаласындағы №8 кәсіптік- техникалық училищесінде 1995 жылға дейін математика пәнінің оқытушысы, 1995 жылдан бастап директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, 2006 жылдан бастап оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1986 жылы Пермь қаласында өткен математикадан бүкілодақтық семинар кеңеске Қызылорда  облысы  атынан қатысып қайтты. Ұстаздық еңбек жолында “Аға оқытушы”, “Әдіскер мұғалім” атақтарына ие болды. 1990 жылы “Қазақстан Республикасының кәсіптік білім беру ісінің үздігі” белгісімен марапатталған, жоғары санатты оқытушы. Туған жер, ұрпақ тәрбиесі, адамгершілік тақырыптарында жазуды ұнатады. Өлеңдері аудандық “Тұран Қазалы”, облыстық “Сыр мектебі”, “Сыр бойы” газеттерінде жарық көрген. Отбасында жолдасы Жайқалсын екеуі 2 ұл, 1 қыз, келін мен 3 немере тәрбиелеп отырған аяулы ана.

 

 

Әлібай Сәулеш Сұлтанқызы – 1951 жылы 3 ақпанда Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылында дүниеге келген. 1972 жылы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищесін бастауыш класс мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.  1981 жылы Қазақ қыздар педагогикалық институтының тарих – қоғамтану факультетін бітірген. 1980 жылдың қараша айында қазіргі Қазалы аграрлы – техникалық колледжіне тарих пәні оқытушысы болып қабылданып, үздіксіз отыз жыл ұстаздық қызмет атқарған. Еңбек еткен жылдары Қызылорда облысының білім басқармасының Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын иеленген. 2010 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан. Отбасында Қабыл Арғын Әбдікәрімұлымен бірге 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ана.

 

 

Бүршік Орысбек Орынбасұлы – 1952 жылы 15 ақпанда – Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. 1972 жылы Қазақ ССР ауылшаруашылық министрлігі Қазалы ауылшаруашылық техникумы «Ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығы, «Техник-механик» біліктілігі бойынша бітіріп шығып, жолдамамен №34 орта кәсіптік – техникалық училищесіне жолдамамен жіберілген. Сол уақыттан бері бір оқу орнында табан аудармай, 40 жылдан астам уақыттан бері оқытушылық қызмет атқарып, 2015 жылы зейнеткерлік демалысына шықты. Педагогикалық еңбек жолында ауданның әлеуметтік – экономикалық саласына қажетті ауылшаруашылық мамандарын даярлауға өз үлесін қосты. Оқушыларды мамандыққа баулу мен мамандықтың қыр – сырын үйретуде өзінің педагогикалық шеберлігін көрсете отырып, теориялық сабақтарды практикамен ұштастыра білді.

 

 

Байсалбай Гүлсім Қазалы аграрлы – техникалық колледжінде (№8 КЛ) 1979 – 2012 жылдары физика пәнінің оқытушысы қызметін атқарған. 1977 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын физика пәнінің пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша бітірген. Байсалбай Гүлсім өз мамандығын жетік меңгерген. Білім берген шәкірттері  пән олимпиадаларында физика пәні бойынша жүлделі орындарға ие болды. Оқу-тәрбие саласындағы еңбегі елеусіз емес. 1990 жылы облыстық білім басқармасының Алғыс Хатымен, 2000, 2003 жылдары №8 кәсіптік мектептің Алғыс Хат, Құрмет грамоталарымен марапатталып, «Үздік пән кабинеті-2009» байқауының бас жүлдесіне ие болған. Отбасылы, 4 баланың анасы.

 

 

Ильясов Қуандық Әлменбетұлы 1954 жылы 22 наурызда Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. Білімі-жоғары. 1975 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын құрылыс инженері, 2005 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университетін информатик мамандығы бойынша бітірген. Жалпы педагогикалық өтілі – 16 жыл. «Компьютердегі жаңа технологияларды сабақтарда пайдалану әдістері», «Компьютерлік жаңа технология – білім беру саласында», «Қазақстан Республикасында ақпараттық теңсіздікті төмендету» тақырыптарында білім сатысынан өткен. Көп жылғы еңбегінің нәтижесінде 2004 жылы облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталған. Бастауыш кәсіптік білім – 0709001 «Шағын бизнес кәсіпкері» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартының авторлар құрамының мүшесі. 2005 жылы информатика мұғалімдерінің облыстық олимпиадасына қатысқан. Оқушылары Аяжан Ильясова мен Сәкен Алпысбаев информатикадан облыстық пән олимпиадасында жүлделі ІІІ, IV орындарға ие болған. Оқытудың модульдік технологиясымен жұмыс жасайтын жоғарғы санатты информатика пәні оқытушысы. «EXCEL-де диаграмма тұрғызу» атты электрондық оқулық құрастырған. Отбасылы, үш баласы бар.

 

 

Молдабаева Күләш 17 шілде 1957 жылы Қызылорда облысы, Қазалы қаласында дүниеге келген. 1974 жылы Қазалы қаласындағы №17 қазақ орта мектебін алтын медальмен бітірген.  Арман қуған жас Жамбыл технологиялық институтына түсіп, 1979 жылы инженер-экономист мамандығы бойынша тамамдаған. Педагогикалық жалпы өтілі – 17 жыл. Алғашқы 
еңбек жолын институт жолдамасымен Шымкенттегі «Восход» тігін фабрикасында бастайды. 1992 жылдан қазіргі  №8 кәсіптік лицейде өндірістік оқу шебері, оқытушы қызметтерін атқарып келеді. Оқушылары республика аймағының экономика саласында абыройлы қызметтер атқарып келеді. Білім беру саласындағы еңбектері үшін бірнеше рет облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болған. К.Молдабаеваның «Шағын бизнес кәсіпкері»  мамандығы бойынша құрастырған мемлекеттік білім стандартын бұл күнде республикадағы арнаулы оқу орындары мен кәсіптік лицейлер қолданып келеді. Қазіргі таңда оқытудың даралап – саралап оқыту технологиясымен жұмыс жасайтын жоғарғы санатты арнаулы пән оқытушысы. Отбасылы, 5 баласы бар.

 

 

Махамбет Орынкүл Жүсіпбекқызы - 1958 жылы 22 маусымда Қызылорда облысы, Қазалы қаласында дүниеге келген. Қазалы аграрлы – техникалық колледжінде 1979 жылдан бастап өндірістік оқыту шебері болып қызмет атқарып келеді. 1979 жылы Талдықорған қаласындағы индустриалдық – педагогикалық техникумын «Техник-механик, өндірістік оқыту шебері» мамандығы бойынша бітірген.

О.Махамбет техникалық және кәсіптік білім беру саласында 37 жыл еңбек етіп, 2016 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Отбасында 2 ұл тәрбиелеп өсірген ана. Педагогикалық қызметіндегі атқарған еңбегі үшін 2012 жылы облыстық білім беру қызметкерлерінің кәсіподағының Алғыс хатымен марапатталған.

 

 

Елеке Ұшанкүл Тұрғанбайқызы – 1958 жылы 2 қарашада Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Жаңақазалы қыстағында дүниеге келген. Қазалы аграрлы – техникалық колледжінде 1986 жылдан бастап өндірістік оқу шебері, арнайы пән оқытушысы қызметін атқарып келеді. 1980 жылы Түркістан индустриальды-педагогикалық техникумын Ауылшаруашылығын механизациялау, техник-механик, өндірістік оқудың мастері  мамандығы  бойынша бітірген.

Елеке Ұшанкүл Тұрғанбайқызы өз мамандығын жетік меңгерген. Оқу – тәрбие жұмыстарына қосқан үлесі үшін әр жылдары колледж әкімшілігінің марапаттауларымен марапатталып келеді. «Үздік топ жетекшісі-2007» байқауында «Өнерлі ұстаз», «Жыл оқытушысы-2008» байқауында «Шығармашыл ұстаз» номинацияларына ие болды. «Үздік пән кабинеті - 2009» байқауында оқу кабинетін жаңа заманға сай жабдықтағаны үшін жүлделі ІІІ орынды иеленді. 2011 жылы «Қазақстан Республикасындағы білім мен ғылым интеграциясы: проблемалары мен болашағы» атты республикалық ғылыми – практикалық конференциясына қатысты. Конференцияға белсене қатысқаны үшін ғылыми – практикалық конференциясын ұйымдастыру комитетінің  дипломымен марапатталды.

Мемлекеттік бағдарламалар